Қызылорда қаласында қазақтың дәстүрі мен ұлттық өнері тоғысқан ерекше мәдени шара өтті. «Ұлттық рух пен өнердің ордасы – Қызылорда» атты этнофестивальде ұрпақтан-ұрпаққа жеткен салт-дәстүрлер жаңғыртылып, Сыр бойының өнері мен ұлттық мәдениеті кеңінен дәріптелді.
Фестиваль аумағына енген сәттен-ақ қазақы орта көзге түсті. Домбыра үні, ұлттық киім киген өнерпаздар, қолөнер бұйымдары, ұлттық тағамдар мен дәстүрлі тұрмыс көріністері бір арнаға тоғысып, келушілерді халқымыздың өткеніне жетеледі.
Шараның басты ерекшелігі – көп жағдайда кітаптан немесе үлкендердің әңгімесінен ғана көретін дәстүрлердің сахналық көрініс ретінде қайта жаңғыруы болды. Қазақ келіндерінің сәлем салуы, күбімен айран пісу, жүн сабау, киіз басу, ұршық иіру, диірмен тартып, тары түю сияқты ұлттық тұрмыс көріністері көпшілікке ұсынылды.
Бұл – жай ғана этнографиялық көрініс емес, бір кездері күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі болған дәстүрлердің бүгінгі ұрпаққа қайта көрсетілуі. Әсіресе балалар мен жастар үшін қазақтың тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп, ұлттық мұраның мәнін сезінуге мүмкіндік берген танымдық алаң болды.
Фестивальде ұлттық спорт түрлерінен сайыстар да ұйымдастырылды. Ал сахна төрінде Сыр елінің дәстүрін жалғаған жыршы-термешілер өнер көрсетіп, домбыраның үні мен жырдың сарыны шараның ұлттық мазмұнын айқындай түсті.

Өткен мен бүгінді жалғаған композицияда Сыр Ананың бейнесі, Сыр сүлейлері, жас ана мен өнерпаз өреннің сабақтастығы көрініс тапты. Бір сахнада дәстүрлі өнер мен бүгінгі буынның басын қосқан бұл көрініс ұрпақ жалғастығының символындай әсер қалдырды.
Ұлттық киімдер дефилесі де көпшіліктің ерекше назарын аударды. Дәстүрлі ою-өрнек пен заманауи сән үйлесім тапқан жергілікті дизайнер-модельерлердің этнотоптамалары ұлттық киімнің тек өткеннің еншісінде қалмағанын көрсетті. Қазақы нақыштағы заманауи киім үлгілері көрерменнің қызығушылығын тудырды.
Фестиваль аумағында қолөнер шеберлерінің бұйымдары да көпшілікке ұсынылды. Зергерлік әшекейлер, ұлттық нақыштағы тұрмыстық бұйымдар мен сәндік дүниелер қазақ қолөнерінің өзіндік ерекшелігін танытты.
Ал ұлттық дастархан шараның ажарын аша түсті. Келушілер ыстық бауырсақтан дәм татып, ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, өнерпаздардың қойылымдарын тамашалады. Кейбірі қолөнер бұйымдарын сатып алып, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.
Ұлттық мұра – музейдегі жәдігер ғана емес. Ол күнделікті өмірде қолданылып, жас ұрпаққа көрсетіліп, мәні түсіндірілгенде ғана өміршең болмақ. Қызылордадағы этнофестивальдің негізгі идеясы да осыған саяды: дәстүрді тек өткеннің естелігі ретінде емес, бүгінгі күнмен сабақтас мәдени құндылық ретінде көрсету.
Сыр елінде өткен бұл шара қазақтың салт-дәстүрі мен өнерінің әлі де қоғамның рухани өмірінен өз орнын таба алатынын көрсетті. Домбыраның үні, ұлттық киім, қолөнер, ұлттық ойын мен дастархан – барлығы бір алаңда тоғысып, ұлттық рухтың өзіндік көрінісін қалыптастырды.


