Қызылордада қала дамуының бірнеше бағыты қатар жүріп жатыр. Жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары құрылып, тұрғын үй құрылысы кеңейіп, осы өзгерістерге сәйкес көлік инфрақұрылымы да жаңаруда. Яғни қалада салынып жатқан нысандар бір-бірінен бөлек жобалар емес, біртұтас урбанистік өзгерістің бөліктеріне айналып келеді.
Бұл үдерістің негізгі қозғаушы күштерінің бірі – инвестиция. Қала экономикасына тартылған қаржының бір бөлігі жаңа өндірістерді іске қосуға бағытталуда. Соның нәтижесінде жолаушылар вагондарын жөндеу және қызмет көрсету кешені, санитарлық-техникалық бұйымдар шығаратын Roca Kazakhstan зауыты, шыны ыдыс өндіретін Seven Rivers Technologies кәсіпорны секілді жобалар жүзеге асуда. Мұндай өндірістердің пайда болуы жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, қаланың экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Экономикалық белсенділік артқан сайын қалаға жаңа тұрғын үй мен әлеуметтік орта да қажет. Сондықтан өндірістік жобалармен қатар Қызылордада тұрғын үй құрылысы да кеңейіп келеді. Қазір қаланың бірнеше бөлігінде көпқабатты үйлер бой көтеріп, жаңа тұрғын аудандар қалыптасуда.

Президент саябағы аумағында жаңа тұрғын үй кешені салынып жатса, «Еңбек» шағын ауданында тоғыз қабатты үйлерден тұратын ауқымды құрылыс жүріп жатыр. Жаңа баспаналардың бір бөлігі ипотекалық бағдарламалар арқылы берілсе, елеулі бөлігі әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған.
Жаңа үйлердің бой көтеруі, өз кезегінде, қаланың көлік жүйесіне де жаңа талап қояды. Тұрғындар саны артқан сайын олардың жүріп-тұруына мүмкіндік беретін жолдар мен көлік байланыстарының сапасы маңызды бола түседі. Осыған байланысты қала көшелерінде күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл бағыттағы жұмыстардың ішінде Жанқожа батыр көшесіндегі теміржол өткелін қайта жаңғырту және Сырдария арқылы жаңа автокөлік көпірін салу жобалары ерекше мәнге ие. Жаңа көпір қаланың екі бөлігін байланыстырып, тұрғындар мен көліктің қозғалысын жеңілдетуге бағытталған.
Осылайша, Қызылордадағы қазіргі құрылыс қарқынын жекелеген нысандардың жиынтығы ретінде ғана қарау қиын. Бір жерде өндіріс пайда болса, оның айналасында жаңа жұмыс орындары мен тұрғын үйге сұраныс қалыптасады. Жаңа аудандардың пайда болуы жолдар мен көлік байланысын жаңартуды талап етеді. Ал жаңарған инфрақұрылым қаланың әрі қарай дамуына жағдай жасайды.
Қызылорданың бүгінгі өзгерісі де осындай өзара байланысқа негізделіп отыр: өндіріс дамиды, жаңа аудандар қалыптасады, олардың арасындағы байланыс күшейеді. Нәтижесінде қала біртіндеп жаңа экономикалық мүмкіндіктері, жаңарған тұрғын аудандары мен заманауи көлік инфрақұрылымы бар жаңа келбетке ие болуда.


