Адамның артында қалдырар ең үлкен мұрасы – жиған дүниесі емес, ұрпағына сіңірген тәрбиесі, елге жасаған еңбегі, халықтың жүрегінде қалдырған ізгі ізі. Кейбір жандардың ғұмыры бір әулеттің ғана шежіресі болып қалмайды. Олардың өмір жолы тұтас бір дәуірдің шындығын, халықтың басынан өткен қасіреті мен қайратын, төзімі мен тағдырын танытатын тағылымды тарихқа айналады.
Сыр елінің айтулы азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер, медицина саласының ардагері, білікті фельдшер, абыройлы отағасы, ел ағасы Ербатыр Ералыұлының ғұмыры – сондай өнегелі өмірдің бірі. Оның тағдыры ХХ ғасырдың аса күрделі кезеңдерімен тұстас келді. Балалық шағы тәркілеу мен ашаршылықтың зұлматын көрді. Жастық шағы соғыстың от-жалынында өтті. Бейбіт өмірге оралғаннан кейін бар ғұмырын адам денсаулығын қорғауға, ауыл халқына қызмет етуге арнады. Сегіз перзент тәрбиелеп, олардың білім алып, елге қызмет етуіне жол ашты. Қартайған шағында да қоғамдық өмірден қол үзбей, кейінгі ұрпаққа соғыстың қасіреті мен бейбітшіліктің қадірін айтып өтті.
Ең бастысы – Ербатыр Ералыұлының бойындағы адамгершілік, имандылық, еңбекқорлық, отансүйгіштік қасиеттері ұрпағына дарыды. Бүгінде оның ұлы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев әке аманатын ел игілігіне айналдырып, туған жерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығына, қайырымдылық пен руханиятқа қомақты үлес қосып келеді. Сондықтан Ербатыр Ералыұлының өмірін еске алу – бір адамның ғұмырын баяндау ғана емес. Бұл – әкеден балаға жалғасқан аманаттың, тәрбиеден тараған тектіліктің, қиындықта сыналмаған адамдықтың қадірін ұғыну.
Қопада туған бала
Ербатыр Ералыұлы 1917 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданындағы Қопа елді мекенінде ауқатты отбасында дүниеге келген. Ералының кіндігінен өрген екі ұл, бір қыздың үлкені – Ербатыр еді. Оның нағашылары да дәулетті, елге белгілі әулет болған. Атасы Жолан қади Меккеге қажылыққа барған кезінде Ербатырдың анасы дүниеге келіп, оған Меккебике деген есім берілген екен. Мұның өзі әулеттің діни дүниетанымы мен рухани тамырының терең болғанын аңғартады.
Ал Ербатырдың атасы Қопабай діни сауаты бар, арабша хат таныған, көзі ашық, көкірегі ояу адам болыпты. Ол немересіне қолынан келгенше ілім үйретіп, Құран сүрелерін жаттатты. Жас баланың санасына иман сәулесін түсіріп, білімге деген ынтасын оятты. Бірақ сол дәуірдің дауылы бір әулеттің ғана емес, тұтас қазақ қоғамының шаңырағын шайқалтты.
1928 жылдардан басталған тәркілеу, колхоздастыру саясаты Ералы әулетінің де мал-мүлкінен айырылып, берекелі шаңырақтың бытырап кетуіне әкелді. Артынша 1930–1932 жылдардағы алапат ашаршылық халықты қынадай қырды. Ералының отбасы да нәубеттің зардабын тартты. Он төрт жасар Ербатыр ата-анасымен бірге Ташкентке ауа көшті. Көш жолы, аштық, жоқшылық, туған жерден айырылу – жасөспірімнің жүрегіне өшпес із қалдырғаны анық. Алайда тағдыр тауқыметі оның жігерін жасыта алмады. Керісінше, көрген қиындықтары оны ерте есейтті.
Жетімдік жүгін арқалаған бозбала
Тағдырдың сынағы мұнымен аяқталған жоқ. Ербатырдың ата-анасы сүзек ауруынан қайтыс болып, ол жастайынан жетім қалды. Қызылордадағы балалар үйінде тәрбиеленді. Жетімдіктің зардабын тартқан, ашаршылықтың қасіретін көрген, ел басына күн туған кезеңде өмір сүрген баланың болашағы бұлыңғыр болуы заңды еді. Бірақ Ербатырдың бойында оны тағдырдың дауылынан алып шығатын үлкен күш бар болатын. Ол – атасының берген тәрбиесі, имани негізі және білімге деген құштарлығы еді.
Жетімдер үйінде жүрсе де, Қопабай атасының үйреткен Құран сүрелерін ұмытқан жоқ. Қиындыққа тап болған сайын жүрегіндегі иман оған сүйеніш болды. Адамның сыртқы жағдайы қаншалықты ауыр болғанымен, оның ішкі дүниесі берік болса, қандай сынақты да еңсеруге болатынын Ербатырдың өмірі дәлелдейді. Ол тағдырға мойынсұнып, қол қусырып отырған жоқ. Білімге ұмтылды. Мамандық алды. Адамға пайдасы тиетін кәсіпті таңдады. Қызылорда қаласындағы медициналық училищені фельдшер мамандығы бойынша тәмамдады. Осылайша кеше ғана жетімдер үйінің табалдырығын аттаған бала енді адам өміріне араша түсетін ақ халатты маманға айналды. Алайда оның алдында тағы бір үлкен сынақ күтіп тұр еді.
Майдандағы ақ халатты жауынгер
1939 жылы әскер қатарына алынған Ербатыр Ералыұлының әскери қызметі көп ұзамай Ұлы Отан соғысына ұласты.Соғыс басталған кезде ол Тамбов әскери округіне қарасты жауынгерлік құрамдағы санитарлық батальонда қызмет етті.
Майдандағы медицина қызметкерінің міндеті сырттай қарағанда қару ұстаған жауынгерден өзгеше көрінуі мүмкін. Бірақ соғыс шебінде жаралы сарбаздың тағдыры көбіне санитар мен фельдшердің шапшаңдығына, батылдығына байланысты болды. Ербатыр үшін майдан деген – жай ғана әскери міндет емес, адам өмірін арашалау майданы еді. Ол жауып тұрған оқтың астында алдыңғы шепке барып, жаралы сарбаздарды әскери госпитальдарға жеткізді. Өлім мен өмірдің арасындағы арпалыста жаралыларға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Әскери дәрігерлермен бірге күрделі операцияларға қатысты.
Кеше ғана ауылда бейбіт өмір сүрген бозбала енді оқ пен оттың арасында адам өмірі үшін күресіп жүрді. Ол талай мәрте ажалмен бетпе-бет келді. Бірақ өз өмірінен бұрын жаралы жауынгердің өмірін ойлады. Жүздеген сарбаздың қайтадан сапқа қосылуына себепкер болды. Медициналық қызметкер ретінде оның ерлігі майданның алғы шебіндегі қаһармандықпен пара-пар еді. Өйткені жаралы жауынгерді оқ астынан алып шығу үшін де жүрек керек. Өлімге қарап тұрып, өмір үшін ұмтылу үшін де қайсарлық керек. Ербатырдың майдандағы жетістіктері елеусіз қалған жоқ. Ол ондаған атаулы наградалармен марапатталды. Жалпы, ол жеті жылын Отан қорғау сапында өткізді.1946 жылы елге аман-есен оралды.
Соғыстан кейінгі ерлік – елге қызмет ету
Соғыстан оралған Ербатыр Ералыұлы майдандағы ерлігін бейбіт өмірде жалғастырды. Ол мамандығы бойынша бірден еңбекке араласты. Кенжегүл Сәрсенбайқызымен шаңырақ көтеріп, берекелі отбасының негізін қалады. Жалағаш – Тереңөзек өңіріндегі Аламесек, Шымбөгет, Ақарық, Қосарық, Бесікті округтеріндегі дәрігерлік бекеттерде фельдшер болып еңбек етті.
Ауылдық жерде медициналық қызмет көрсету ол заманда оңай болған жоқ. Қазіргідей заманауи аурухана, қажетті құрал-жабдық, дәрігерлердің кең штаты болған жоқ. Бір маман бірнеше міндетті қатар атқаруға мәжбүр еді. Ербатыр да сондай әмбебап маман болды. Күн демеді. Түн демеді. Ауру шақырса, барды. Жарақат алса, емдеді. Сырқаттанса, жанынан табылды. Адамның жағдайын өз жағдайынан жоғары қойды. 1958 жылы Тереңөзек ауданындағы Нағи Ільясов ауылдық округіндегі учаскелік ауруханада бас дәрігер міндетін атқарды.
Ол кездегі шағын медициналық ұжымның негізгі ауыртпалығы Ербатырдың мойнында болды. Медицинаның бірнеше саласын қатар меңгеріп, ауыл халқына барынша сапалы қызмет көрсетуге тырысты. Кейін малшылар мекеніне фельдшер болып барған кезінде де оның мол тәжірибесі мен адаммен тіл табыса білетін қасиеті елдің көңілінен шықты. Бұл – бейбіт күннің ерлігі еді.
Сегіз перзент – сегіз аманат
Ербатыр мен Кенжегүл сегіз перзент тәрбиелеп өсірді: төрт ұл, төрт қыз. Балаларының барлығы жоғары және арнаулы оқу орындарын бітіріп, әрқайсысы өз мамандығы бойынша елге қызмет етті.
Ғалия мен Дания медбике мамандығын таңдады. Даналы дәрігер болды. Нұрия есепші, Нұрзия мұғалім, Абзал құрылысшы-инженер, Дархан инженер, Бауыржан инженер мамандықтарын игерді. Бір қарағанда, бұл – қарапайым қазақ отбасының өмірбаяны секілді. Алайда сегіз баланың сегізі де білім алып, өмірден өз орнын тауып, елге қызмет етуі – ата-ананың тәрбиесі мен талапшылдығының үлкен нәтижесі. Ербатыр балаларына байлық қалдырған жоқ. Ол оларға одан әлдеқайда қымбат мұра қалдырды. Иман. Білім. Еңбек. Адалдық. Елге қызмет ету. Әкеден балаға өткен осы құндылықтар кейін тұтас бір әулеттің өмірлік ұстанымына айналды.
«Адамға өмір сыйлаудан артық қандай бақыт бар?»
Ербатыр Ералыұлының ғұмырын үш үлкен ұғыммен сабақтастыруға болады. Біріншісі – иман. Жастайынан алған діни тәлім оны қандай қиындықта да рухани тұрғыдан сындырмады. Жетімдік пен аштықты көрді. Қуғын-сүргіннің зардабын тартты. Соғысқа қатысты. Бірақ жүрегіндегі сенімінен ажыраған жоқ. Екіншісі – адам өмірін қорғау. Соғыстың басынан аяғына дейін майданда жүріп, жаралы жауынгерлерді ажалдан арашалады. Ал бейбіт өмірде ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғады. Яғни оның бүкіл ғұмыры адамға қызмет етумен өтті. Үшіншісі – ұрпақ тәрбиесі. Ол сегіз перзентін өсіріп, олардың білім алуына жағдай жасады. Балаларына өз өмірімен үлгі көрсетті. Осы үш құндылық оның ғұмырлық қағидасына айналды. Адамға өмір сыйлаудан артық қандай бақыт бар?! Ербатыр Ералыұлы үшін осы сұрақтың жауабы айқын еді. Ол үшін адамға пайдаңды тигізу – ең үлкен мәртебе болатын.
Абыз ақсақалдың өнегесі
2005 жылы өмірден озған Ербатыр Ералыұлы ғұмырының соңына дейін елмен бірге болды. Ол соғыс ардагері ретінде мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіп, жас ұрпаққа соғыс жылдарының шындығын айтып отырды. Отан қорғаған жауынгерлердің ерлігін дәріптеп, бейбіт өмірдің бағасын түсіндірді.
Ардагерлер кеңесінде, ақсақалдар алқасында елдік мәселелерге қатысты пікір айтып, туған өлкенің дамуына қатысты ұсыныстарын білдірді. Айналасына сыйлы болды. Елдің сөзін тыңдай білді. Даудың емес, татулықтың жолын іздеді. Сыртынан сөз ермеген, тазайын, абыройлы ел ағасы атанды. Оның бойындағы осындай қасиеттерді көрген ұрпағы да әке жолын өз өмірлеріне бағдар етті.
Әкеден балаға жалғасқан аманат
«Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» деген халық сөзі бар. Ербатыр Ералыұлының ұл-қыздарының арасында әке аманатын ел игілігіне айналдыру ісінде ерекше танылған перзенттерінің бірі – Абзал Ералиев.
Бүгінде Қазақстанның Еңбек Ері атанған Абзал Ералиевтің өмір жолына зер салсақ, оның бойындағы көптеген қасиеттің бастауында әкесі Ербатырдың тәрбиесі тұрғанын аңғару қиын емес. Абзалдың балалық шағы егіншілік кәсіпшілігімен тығыз байланысты өтті.
Кейін өзі туып-өскен Нағи Ілиясов ауылында «Абзал и К» серіктестігін құрып, шаруашылықты басқаруға кірісті. Бұл оңай кезең емес еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауыл шаруашылығы ауыр сынақтарды бастан кешті. Бұрынғы жүйе ыдырап, жаңа экономикалық қатынастар толық орныға қоймаған шақта көптеген шаруашылықтар тығырыққа тірелді. Осындай уақытта Абзал Ералиев тәуекелге барды. Қомақты несие рәсімдеді. Шаруашылықты аяғынан тұрғызуға күш салды. Еңбек етті. Ізденді. Нәтижесінде өзіне сеніп тапсырылған шаруашылықты өркендетіп қана қоймай, Нағи Ілиясов ауылын Қазақстандағы үлгілі елді мекендердің біріне айналдыруға атсалысты.
Бүгінде ауылда спорт кешені, Мәдениет үйі, балабақша, ойын алаңдары мен саябақтар бар. Тұрғындарға жасалған жағдай ауылдың әлеуметтік келбетін түбегейлі өзгертті. Серіктестіктің демеушілігімен спорт пен өнердің әртүрлі бағыттарынан халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізіліп, жас таланттарға жол ашылып келеді. Қайырымдылық шаралары да жүйелі түрде жүзеге асуда. Мұның бәрі – жеке кәсіптің ғана жетістігі емес. Бұл – туған жерге деген жауапкершіліктің көрінісі.
Әке арманы – мешіт мұнарасында
Алайда Абзал Ералиевтің ел алдындағы еңбегін тек ауыл шаруашылығымен немесе кәсіпкерлікпен шектеу аздық етеді. Оның қоғамдық қызметінің бір үлкен бағыты – руханият пен дінге қолдау көрсету. Бұл бағыттың арғы жағында тағы да әкесі Ербатырдың өмірі мен тәрбиесі тұр. Коммунистік жүйе дінге қысым жасаған ондаған жыл ішінде талай қазақ отбасы өзінің рухани мұрасын ішкі жүрегінде сақтап қалуға мәжбүр болды. Сол кезеңде Ербатыр Ералыұлы да атасынан алған имани тәрбиесін жүрегінде сақтады. Ол балаларына дінді даңғаза етіп көрсетпеді. Керісінше, өмірімен үйретті. Адал еңбек етті. Халал өмір сүрді. Адамға жақсылық жасауға ұмтылды. Сондықтан әкеден көрген тәрбие кейін Абзалдың өмірлік ұстанымына айналды.
Абзал Ералиев табысының қомақты бөлігін қайырымдылыққа бағыттап, туған жерінде «Айтбай» мешітін салдырды. Қызылорда қаласының батыс бөлігінде халқымыздың рухани тарихындағы айрықша тұлғалардың бірі Мүсірәлі Әзиздің атымен аталатын сәулетті мешіт тұрғызды. Бұл – жай ғана ғимарат салу емес. Бұл – халықтың рухани қажеттілігіне жауап беру. Бұрын мешітке қатынау қиын болған аумақ тұрғындары үшін бұл үлкен қуаныш болды.
Тасбөгеттегі жаңа мешіт – әке рухына тағзым
Міне, биыл Абзал Ералиевтің ел игілігіне жасаған тағы бір үлкен ісі жүзеге асып отыр. Тасбөгет кентінде еңселі мешіт бой көтеріп, мұсылман қауымына есігін айқара ашты. Жаңа мешіт – сәулетімен ғана емес, мән-мағынасымен де маңызды нысан. Өйткені мешіт – халықтың құлшылық ететін орны ғана емес. Ол – руханияттың, тәрбие мен татулықтың, имандылық пен ізгіліктің ордасы. Осы игілікті істің бастауында тұрған Абзал Жұмашұлы өзінің мұндай қадамға баруын әкесінің тәрбиесімен байланыстырады. Оның сөзі – бір әулеттің ғана емес, ұрпақ сабақтастығының мәнін ашатын сөз:
«Мұндай игі қадамдарға баруым – от кешкен жауынгер, дауалы дәрігер, абыз ақсақал, өмір ұстазы – әкем Ербатырдың тәлімінің арқасы. Ата аманатына адал болу әлмұлыққа жеткізеді» деген болатын.
Шын мәнінде, бұл сөздің астарында үлкен өмірлік философия жатыр. Әке баласына байлықтың жолын емес, аманаттың жолын көрсетті. Өмірдің мәнін атақтан емес, адамға қызмет етуден іздеуді үйретті. Сол тәрбиені көрген бала оны кейін ел игілігіне айналдырды.
Ербатыр Ералыұлының есімі мешітке лайық
Бүгінде жұртшылық арасында бір ұсыныс айтылып жүр. Ол – Тасбөгет кентіндегі жаңа мешітке Ербатыр Ералыұлының есімін беру. Бұл ұсыныстың өзіндік тарихи және тәрбиелік мәні бар. Өйткені Ербатыр Ералыұлының бүкіл ғұмыры адамға қызмет етудің үлгісі болды. Ол бала кезінде аштықты көрді. Жетімдіктің зардабын тартты. Соғыста оқтың астында жүрді. Жаралы жауынгерлердің өмірін сақтады. Бейбіт заманда ауыл халқына медициналық қызмет көрсетті. Сегіз бала тәрбиелеп, олардың білім алуына жағдай жасады. Қартайған шағында жастарға өнеге айтты. Имандылықты жүрегінде сақтады. Елге адал қызмет етті.
Ендеше, осындай ғибратты ғұмыр иесінің есімін мешітке беру – тек бір адамның атын ұлықтау емес. Бұл – әке тәрбиесін, майдангер ерлігін, дәрігерлік еңбекті, имандылықты, адалдықты және ұрпақ сабақтастығын ұлықтау. Мешітке келген жас ұрпақ «Ербатыр Ералыұлы кім еді?» деп сұрайтын шығар. Сол кезде олар бір ғасыр бұрын туған қазақ баласының тағдырын білер еді. Ашаршылықты көріп, жетім қалғанын. Бірақ мойымағанын. Білім алғанын. Майданға аттанғанын. Жаралы жауынгерлердің өмірін сақтағанын. Соғыстан кейін елге қызмет еткенін. Сегіз перзент тәрбиелегенін. Ал сол перзенттерінің бірі – бүгін елге белгілі азамат Абзал Ералиевтің әке жолын жалғап, туған жерге мешіттер салдырғанын білер еді. Міне, осының өзі – үлкен тәрбие.
Аманатқа адалдық – адамдықтың өлшемі
Ербатыр Ералыұлының ғұмырына қарап отырып, адам өмірінің мәнін атақпен, мансаппен немесе дүниемен өлшеуге болмайтынын түсінесің. Ол өзінің дәуірінде қарапайым фельдшер болды. Бірақ жүздеген адамның өмірін сақтады. Ол үлкен лауазым иесі болмады. Бірақ ауыл халқының алғысына бөленді. Ол байлық қуған жоқ. Бірақ сегіз баласын білімді азамат етіп өсірді. Ол дінді жария ұранға айналдырған жоқ. Бірақ жүрегіндегі иманды өмір бойы сақтады. Оның өміріндегі ең үлкен марапат – халықтың ризашылығы болды. Ал ең үлкен ескерткіші – артында қалған ұрпағы.
Бүгінде сол ұрпақтың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев – әке аманатын туған елдің игілігіне айналдырып отыр. Оның ауылға жасаған қамқорлығы, спорт пен мәдениетке көрсеткен қолдауы, қайырымдылық шаралары және мешіттер салуға қосқан үлесі – Ербатыр Ералыұлының тәрбиесімен сабақтасып жатқанын өзі де айтып келеді. Бұл – қазақы тәрбиенің ең әдемі көріністерінің бірі. Әке өмір сүрген жоқ – әке үлгі көрсетті. Бала сол үлгіні жалғастырды. Ал ұрпақ оны ел игілігіне айналдырды.
Тобықтай сөздің түйіні:
Бүгін Тасбөгетте жаңа мешіттің қақпасы ашылғанда, оған тек сәулетті ғимарат ретінде қарауға болмайды. Оның әр кірпіші – бір азаматтың туған елге деген махаббатының белгісі. Оның әрбір мінәжатынан әке тәрбиесінің жаңғырығы естілгендей. Оның әрбір келушісіне имандылық пен ізгіліктің жолын көрсететіндей.
Сондықтан бұл мешітке Ербатыр Ералыұлының есімін беру туралы ұсыныс – елдің естелігін жаңғыртатын, ұрпақ сабақтастығын дәріптейтін, әке мен бала арасындағы рухани байланысты айшықтайтын игі бастама болар еді. Өйткені елге еңбегі сіңген ердің есімі ұмытылмауы керек. Майданда жаралыны ажалдан арашалаған фельдшердің ерлігі де, бейбіт күнде ауыл халқына қызмет еткен дәрігердің еңбегі де, сегіз перзентке тәрбие берген әкенің өнегесі де ұрпақ жадында қалуға лайық. Ал оның ұлының туған жерге мешіт салып, руханиятқа қызмет етуі – сол аманаттың үзілмегенінің айғағы.
Ербатыр Ералыұлының ғұмыры – қиындыққа мойымаған қайсарлықтың, адамға қызмет етудің, иманды жүректің және ұрпақ тәрбиесінің өнегесі. Олай болса, ел болып ерге құрмет көрсетіп, ұрпаққа үлгі боларлық тұлғаның есімін ардақтау – бүгінгі буынның парызы. Әке аманаты – ұрпаққа жүк емес, жол көрсететін шамшырақ. Ербатыр Ералыұлы сол шамшырақты жағып кетті. Ендігі міндет – оның жарығын өшірмей, кейінгі ұрпаққа жеткізу.


