Сыр өңірінің бас шаһары бүгінде тұрақты экономикалық өсім мен кешенді даму кезеңін бастан өткеруде. Мемлекет басшысының тапсырмалары, Үкіметтің қолдауы және облыс әкімдігінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде Қызылорда қаласында өндіріс, құрылыс, инженерлік инфрақұрылым, кәсіпкерлік пен әлеуметтік салада ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң серпінін айқын көрсетті. Осы және өзге де маңызды бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында жан-жақты баяндады.
Экономикалық өсімнің берік негізі
Қаланың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша тұрақты өсім қалыптасты. Өткен жылы қала бюджеті алғашында 73,1 млрд теңге көлемінде бекітілсе, жыл соңына қарай бұл көрсеткіш екі еседен астам өсіп, 154,2 млрд теңгеге жетті. Ал биылғы бюджет бастапқыда 94,2 млрд теңге болып бекітіліп, облыстық бюджеттен бөлінген трансферттердің нәтижесінде 226,6 млрд теңгені құрады. Қаржы ең алдымен құрылыс, инженерлік инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамсыздандыру және кенттер мен ауылдық округтерді дамытуға бағытталуда.
Жылдың алғашқы алты айында қала бюджетінің кіріс бөлігі 79,7 млрд теңгені құрап, жоспар 100,8 пайызға орындалды. Сонымен қатар салықтық түсімдерді арттыру мақсатында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 6,5 мыңнан астам салық төлеушімен жұмыс жүргізіліп, қосымша миллиардтаған теңге бюджетке тартылды.

Инвестиция көлемі артып келеді
Экономиканың басты қозғаушы күші саналатын инвестиция тарту бағытында да нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Биылғы бірінші жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 168 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,8 пайызды құрады.
Жеке инвестиция көлемі 116 млрд теңгеден асып, өсім 116,9 пайызға жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 73 млрд теңгеге дейін ұлғайса, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 201 мың шаршы метрден асты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 276 млрд теңгеге жетіп, өңдеуші өнеркәсіптегі өсім 127,5 пайызды құрады. Бөлшек сауда айналымы 241 млрд теңгеден асып, тұрақты өсім сақталды.

Кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау
Қала экономикасының негізгі тіректерінің бірі – шағын және орта бизнес. Бұл бағытта мемлекеттік қолдау құралдары тиімді пайдаланылуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ондаған жоба жеңілдетілген несиеге ие болды. Сонымен қатар «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы, «Аграрлық несие корпорациясы» және «Даму» қоры арқылы ондаған кәсіпкерлік бастама қаржыландырылды. Бүгінде қалада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 32 мыңнан асып, бұл салада 63 мыңнан астам адам еңбек етеді. Шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 868 млрд теңгеден асып, өңір экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналды.

Жаңа өндірістер – жаңа жұмыс орындары
Экономиканы әртараптандыру мақсатында бірнеше ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Жыл басында «Марал Нұр» серіктестігінің жолаушылар вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешені пайдалануға берілді. Кәсіпорын жылына 600-ден астам вагонға қызмет көрсетіп, жүзге жуық жаңа жұмыс орнын ашты. Сонымен бірге «Алаш Метан» компаниясының жол бойындағы қызмет көрсету кешені іске қосылды.
Қазіргі уақытта қағаз және картон өнімдерін өндіретін жаңа зауыт, 800 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы салынып жатыр. Биыл мамыр айында тағы екі ірі халықаралық жобаға капсула салу рәсімі өтті. Испаниялық инвестордың қатысуымен санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын зауыт пен неміс технологиясы негізінде шыны ыдыс өндіретін өндіріс орнының құрылысы басталды. Бұл жобалар толық іске қосылғанда 600 жаңа жұмыс орны ашылады.

Сауда мен туризмге жаңа серпін
Қаладағы сауда базарларын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жалпы көлемі 5,8 млрд теңгені құрайтын инвестиция есебінен бірнеше ірі базар толық жаңартылып немесе қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар туризм саласын дамыту мақсатында халықаралық талаптарға сай «Rixos», «Ibis» және «Pana» қонақ үйлерінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтермек.

Ауыл шаруашылығы – басым бағыт
Биыл Қызылорда қаласына қарасты аумақтарда 7 819 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Күрішпен қатар көкөніс, бақша, жүгері, жоңышқа және басқа да дақылдардың егіс көлемі ұлғайды. Вегетациялық кезеңде су тапшылығын болдырмау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде Қызылжарма каналына ұзындығы 9 шақырым болатын бетон науа салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл су үнемдеуге және егін алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жол-көлік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтерілуде
Биыл жол-көлік саласына бұрын-соңды болмаған көлемде қаржы бағытталды. Жалпы құны 38 млрд теңгені құрайтын 23 жоба іске асырылып жатыр. Осы жобалар аясында ұзындығы 71 шақырымнан асатын 71 көшеге күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде әрі жаңа көпір салынуда. Қазір қаланың ондаған көшесінде құрылыс қызу жүріп жатыр. Қыркүйек айында «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы оңтүстік магистральды канал арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Сағымбаев көшесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізіне шығатын жаңа көлік бағыты қалыптасады.
Тасбөгет кентіндегі бірқатар көшелер кеңейтіліп, көлік қозғалысының өткізу қабілеті артады. Сонымен бірге кенттер мен ауылдық округтердің 32 көшесінде жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қаладағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелі. Қазіргі таңда көпірдің негізгі құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Алдағы жылдары жүзеге асатын маңызды бастамалардың бірі – Иса Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа автокөлік көпірі. Бұл жоба қаланың сол жағалауы мен орталық бөлігінің көлік байланысын айтарлықтай жақсартады.


