Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
Бүгінде Шиелі ауданында халыққа 250 төсек-орындық көпбейінді аудандық аурухана, ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана, 2 ауылдық аурухана, 1 Көкшоқы ауруханасы, 19 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік бекет және 13 медициналық бекет қызмет көрсетуде.
Аудан тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында өткен жылы аудандық ауруханаға қосымша блоктың құрылысы аяқталды. Биыл 650 млн теңгеге магниттік-резонанстық томография (МРТ) аппараты орнатылып, тұрғындар игілігіне берілді. Бұл өз кезегінде күрделі диагностикалық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында Шиелі кентіндегі Көкшоқы мөлтек ауданындағы емхана мен Бәйгеқұм ауылдық округіндегі ауылдық ауруханаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 13,4 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар басталды.

