Заманауи форматтағы қолжетімді сауда алаңдарын ұсынатын «Syr Darya» коммуналдық базарын іске қосуға 2 млрд. 574 млн. теңге инвестиция құйылды.
Жалпы ауданы 5 мың шаршы метр болатын бұл сауда алаңының бірінші қабатында азық-түлік, тамақ өнімдері, екінші қабатында киім-кешек сату орындары орналасқан. Жаңа сауда нысаны жергілікті тауар өндірушілерге өнімдерін делдалсыз тікелей өткізуге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, қаладағы бейберекет базарлар ретке келтіріліп, санитарлық талаптарға сәйкестендіріліп, кәсіпкерлер мен тұтынушыларға қолайлы жағдай жасалады.
Рәсімде «Syr Darya» коммуналдық базары мен «Тұмар» шағын өнеркәсіптік аймағының құрылысына атсалысқан қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ел ағасы, қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаев құттықтау сөз сөйледі.

